Қазақстанда жалақыны реттеу жүйесін жетілдіру
DOI:
https://doi.org/10.26577/be.2023.v143.i1.07Аннотация
Қазақстан 2001-2007 жылдар аралығында барлық дерлік негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша айтарлықтай табысқа жетті. Бірақ 2008-2009 жылдардағы дағдарыстан кейін ресурсты көп қажет ететін өндіріске негізделген Қазақстан экономикасының өсу қарқыны төмендеді. Бұл елдегі жалақы деңгейіне кері әсерін тигізді. Соған қарамастан, біздің ойымызша, қазақстандық экономиканың прогрессивті дамуының салыстырмалы түрде төмен траекториясы жағдайында да жалақы деңгейін арттыру мүмкіндіктері әлі де соңына дейін таусылған жоқ.
Жалақының өсуінің неғұрлым іргелі, ұзақ мерзімді факторы жалпы ішкі өсімі (ЖІӨ) болып табылады. Сонымен қатар, жалақының өсуіне қосымша дем беру үшін жалақыны реттеу процесінде үш институционалдық факторларды дұрыс үйлестіру мәселесі туады. Бұл факторлардың жалақының өсуіне үлесінің мөлшері икемді және жылдан жылға өзгеруі мүмкін, ол ел дамуының белгілі бір кезеңіндегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты. Ғылыми әдебиеттерді және қолда бар статистикалық материалдарды зерделеу негізінде авторлар Қазақстанда жалақыны реттеу тәжірибесін талдап, оны жетілдірудің мүмкін жолдарын іздестірді.
Нарықтық экономикадағы жалақыны реттеу механизмі бір-бірімен тығыз байланысты үш бөліктен тұратын жүйе ретінде қарастырылады:
- еңбек нарығында тепе-теңдік жалақы мөлшерлемесін қалыптастыру;
- әлеуметтік серіктестік жүйесін пайдалану;
- мемлекеттік ықпал ету шараларын жүзеге асыру.
Қазақстан тәжірибесін талдау еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арақатынасының нарықтық жалақы мөлшерлемесінің қалыптасуына барабар әсеріне қол жеткізу қажет екенін көрсетеді. Әлеуметтік әріптестік қатынастарының даму деңгейінің төмендігіне және еңбекақыны реттеудегі ұжымдық шарттардың тиімділігінің төмен болуына байланысты жұмыс берушілер мүдделерін қызметкерлердің мүдделерінен жоғары қою тәжірибесі дамыды. Әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық тиімділік арасындағы нақты қатынасқа қол жеткізудегі мемлекеттің рөлі жеткілікті түрде көрсетілмеді. Қазір Қазақстан экономикасы өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Соған байланысты жалақы деңгейі мен динамикасының өсуін қамтамасыз ететін реттеуші факторлардың осындай үйлесіміне қол жеткізу бойынша шаралар ұсынылуда.
Бұл жұмыстың практикалық маңыздылығы мынада: жалақыны жоғарылату мақсатында оны реттеудің қазіргі тәжірибесін жетілдіру бойынша ұсынылған шараларды жүзеге асыру ел экономикасының қосымша өсуіне ықпал етеді.
Кілттік сөздер: жалақы, жалақыны реттеу, әлеуметтік серіктестік, ең төменгі жалақы, мемлекеттің ықпалы