Жасыл логистика мен цифрландыру: Қазақстандағы курьерлік қызметтерді оңтайландыру стратегиясы
DOI:
https://doi.org/10.26577/be202515337Аннотация
Электрондық коммерцияның жедел дамуы мен әлемдік деңгейде тұрақты даму идеяларына деген қызығушылықтың күшеюі логистикалық сектордың жаңа сапалық кезеңге өтуін талап етіп отыр. Соңғы жылдары бұл үрдіс әсіресе курьерлік қызметтер нарығында айқын байқалады. Мақаланың мақсаты – Қазақстандағы курьерлік қызметтерді цифрландыру мен жасыл логистиканы ықпалдастырудың тиімділігін зерттеу және олардың қала инфрақұрылымының орнықты дамуына әсерін бағалау. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, цифрлық шешімдерді енгізу жеткізу уақытының 42%-ға қысқаруына, тұтынушы қанағаттануының 25%-ға артуына және бір сәлемдемеге шаққандағы CO2 шығарындыларының 12-15%-ға төмендеуіне ықпал етті. Зерттеу барысында жасыл логистиканың теориялық қағидалары жинақталып, сонымен қатар «соңғы миля» кезеңінде қолданылып жүрген заманауи цифрлық шешімдердің экологиялық тиімділік пен операциялық өнімділікті арттырудағы рөлі нақты мысалдар арқылы сипатталды. Мұндай тәсіл энергия тұтынуды азайтуға, көмірқышқыл газының шығарындыларын төмендетуге және тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік беретіні байқалды. Сонымен бірге, мақалада саладағы ішкі және сыртқы факторлардың ықпалын кешенді түрде бағалауға бағытталған SWOT-талдау ұсынылып, жасыл-цифрлық модельге көшу үдерісіндегі әлеуетті мүмкіндіктер мен тәуекелдер айқындалды. Талдау нәтижесінде инфрақұрылымды жаңғырту, мемлекеттік ынталандыру тетіктерін жетілдіру және кадрлық әлеуетті жүйелі дамыту жөнінде нақты практикалық ұсынымдар берілді. Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері көрсеткендей, экологиялық және цифрлық шешімдердің стратегиялық үйлесімі қоршаған ортаға түсетін теріс әсерді азайтып қана қоймай, сонымен қатар отандық курьерлік компаниялардың ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігін арттыруға елеулі үлес қоса алады. Осы тұрғыдан алғанда, мақалада ұсынылған тұжырымдар мен ұсынымдар Қазақстанда орнықты және инновациялық логистикалық инфрақұрылым қалыптастыруға мүдделі мемлекеттік және жекеменшік сектор өкілдеріне нақты бағдар бола алады деп пайымдаймыз.
Түйін сөздер: жасыл логистика, цифрландыру, курьерлік қызметтер, тұрақты даму, оптимизация.
