Жасанды интеллектің инновациялық менеджменттегі рөлі: халықаралық тәжірибе мен Қазақстанның мүмкіндіктері
DOI:
https://doi.org/10.26577/be202515117Аннотация
Жасанды интеллекттің (ЖИ) мүмкіндігі сан қырлы екені жалпыға мәлім. Оның көмегімен бұрын-соңды адамға ғана мүмкін болған қызметтер мен тапсырмаларды түрлі қолжетімді технологиялар негізінде жылдам әрі сапалы түрде орындауға болады. Ол кез келген техникалық мәселелерді сәтті шешу арқылы адамзат өмірін едәуір жеңілдетіп келеді. ЖИ төртінші өнеркәсіптік революцияның қозғаушы күші бола отырып, заманауи бизнестің моделі мен инновациялық процестерді түбегейлі өзгертуі арқылы ұйым қызметінің тиімділігіне айтарлықтай әсер етеді.
Жасанды интеллект термині айналымға енгізілгелі бері бұл саладағы академиялық зерттеу жұмыстары белсенді түрде жүріп келеді. Дегенмен, ЖИ әлі де жеткілікті зерттелмеген, жаңа және күрделі технология болып қала береді.
Жасанды интеллекттің инновациялық менеджментке әсері туралы айтатын болсақ, әрине, ЖИ инновацияларды басқару тәжірибесін түбегейлі өзгерте алады. Бұл өзгерістер әлдеқайда тиімді және табысты инновациялық процеске қол жеткізуге мүмкіндік беріп, инновациялық менеджменттің жаңа дәуірін бастайды. Дегенмен, инновацияларды басқаруда ЖИ қолдану туралы біліміміз әлі де шектеулі, ал менеджерлер ЖИ технологияларын қолданудың ең қолайлы тәсілін әлі де іздестіру үстінде.
Мақаланың мақсаты – инновацияларды басқару мен жасанды интеллект ұғымдарының теориялық және практикалық аспектілерін зерттеу негізінде «инновацияларды басқару» мен «жасанды интеллект» ұғымдарының өзара байланысын анықтап, инновациялық менеджменттегі жасанды интеллекттің рөлін зерделеу және қазақстандық ұйымдарда инновациялық қызметті басқаруда жасанды интеллектті тиімді қолдану мүмкіндігін болжау. Мақалада эволюциялық тәсілді қолдана отырып шетелдік тәжірибе талданып, бағаланады және индукция әдісі негізінде қазақстандық ұйымдардың инновациялық қызметінде жасанды интеллектті қолдану мүмкіндігіне болжам жасалады.
Мақаланың жаңалығы – алғаш рет қазақстандық ұйымдардың инновациялық қызметінде ЖИ-дің қолданылуы және оның рөлі мен тұжырымдамалық негізі қарастырылады. Бүгінгі таңда Қазақстанда ақпараттандыру және жасанды интеллектті дамыту саласындағы заңнамалық базаның негізгі іргетасы қаланған. Демек, бұл жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулер мен негіздемелерді арттыруды талап етеді. Сонымен қатар, бұл сала үлкен қаржылық қолдауды, ғылым, өндіріс және кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді қажет етеді.
Түйін сөздер: инновация, инновациялық менеджмент, жасанды интеллект, тұрақты даму, экономика, стратегия.