Экономиканы табиғи ресурстарды тұтынудан және қоршаған ортаға қысымнан айыру: Қазақстан кейсіне талдау
DOI:
https://doi.org/10.26577/be.2023.v145.i3.06Аннотация
Экономикалық даму әрқашан табиғи ресурстарды пайдаланудың ұлғаюымен, сондай-ақ қоршаған ортаның деградациясының күшеюімен байланысты болды. Алайда жауапты өндіріс принциптері керісінше жағдайды білдіреді. Экономикалық өсуді шектеулі табиғи ресурстарды тұтынудан және қоршаған ортаның деградациясының күшеюінен ажырату қажеттілігі декаплинг ұғымын тудырды - бұл ағылшын тілінен аударғанда бөлу, ажырату дегенді білдіреді. Ресурстарды пайдалануды азайту және қоршаған ортаға оң әсер ету кезінде тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу үшін декаплинг тұжырымдамасы өте өзекті болып табылады. Бұл мақала табиғи ресурстарды тұтыну және қоршаған ортаға әсері тұрғысынан Қазақстан экономикасының қазіргі кездегі декаплинг жағдайын талдауға, сондай-ақ белгілі бір уақыт кезеңіндегі декаплинг тенденцияларын зерттеуіне бағытталған. Зерттеу екі кезеңде жүргізілді: (1) негізгі табиғи ресурстар (су, энергия) бойынша Қазақстандағы ресурстардың декаплинг деңгейін статистикалық талдауы, сондай-ақ негізгі экологиялық көрсеткіштер (экологиялық ізі, қалдықтардың түзілуі және шығарындылары) бойынша Қазақстан экономикасының декаплинг деңгейін статистикалық талдауы; (2): Қазақстандағы экономикалық өсудің табиғи ресурстарды тұтынуға және қоршаған ортаның нашарлауына тәуелділігін бағалауға арналған регрессиялық модель. Алынған деректер 2010 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Нәтижелер Қазақстандағы экономикалық өсу қалдықтардың түзілуінің, қоршаған ортаға эмиссиялардың, атап айтқанда сұйық және газ тәріздес ластаушы заттардың шығарындыларының ұлғаюымен қатар жүретінін көрсетеді. Бұл нәтижелер алдыңғы зерттеулерге сәйкес келеді. Дегенмен, тұщы су ресурстары бойынша абсолютті декаплинг, сондай-ақ энергияны тұтыну бойынша абсолютті декаплинг үрдісі анықталды. Бұл тұжырымдарды жауапты өндіріс қағидаттарын қолданудың тиімділігін және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді бақылау мақсатында Қазақстандағы ағымдық декаплинг жағдайы мен тенденцияларын анықтау үшін пайдалануға болады.
Кілт сөздер: декаплинг, экономикалық өсу, ресурстарды тұтыну, қоршаған ортаға әсер, жауапты өндіріс.