Циркулярлы экономика жолында: Қазақстан кейсіне талдау
DOI:
https://doi.org/10.26577/be.2023.v143.i1.02Аннотация
Циркулярлы экономика – бұл өндірудің, пайдаланудың және кәдеге жаратудың дәстүрлі сызықтық үлгісіне қарағанда, ресурстарды жабық циклде пайдаланатын, қайта пайдаланатын және қалпына келтіретін экономикалық жүйе. Зерттеу тақырыбы әсіресе дамушы елдер үшін өзекті болып табылады, себебі ол осы елдердегі бірқатар көптеген экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі. Бұл мақалада Қазақстандағы циркулярлық экономиканың дамуының қазіргі жағдайы және өткен жылдардағы циркулярлық қағидаларын қолдану нәтижелері талданған. Зерттеу екі кезеңде жүргізілді: (1) қалдықтарды қайта өңдеудің ағымдағы жағдайы мен тенденцияларын анықтайтын екінші ретті деректерге негізделген статистикалық талдау; (2) Қазақстандағы қалдықтарды қайта өңдеу және қайта пайдалану деңгейіне басқару шығындарының әсерін бағалаудың регрессиялық үлгісі. Мәліметтер 2015 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде жинақталған. Талдау нәтижелері көрсеткендей, аталған кезеңде қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу 11 еседен астам өсіп, ал жан басына шаққандағы коммуналдық қалдықтардың түзілу деңгейі аздап төмендеген. Регрессиялық талдау басқару шығындарының ұлғаюы қалдықтарды қайта пайдалануға және қайта өңдеуге елеулі әсер етпейтінін көрсетеді, бұл экологиялық сана және мемлекеттік реттеу сияқты басқа факторлардың маңыздылығы туралы алдыңғы зерттеулердің нәтижелерін растайды. Жалпы оң өзгерістерге қарамастан, Қазақстанның циркулярлы экономиканы жүзеге асырудағы ілгерілеуі әлі де бастапқы сатысында. Мақала Қазақстандағы саясаткерлер мен зерттеушілерге қалдықтарды басқару жүйесін бағалау және елдегі циркулярлы экономиканы дамыту жолдары туралы құнды түсініктер бере алады.
Кілт сөздер: циркулярлы экономика, қалдықтарды басқару, регрессиялық талдау экологиялық сана