Бөлшек сауда саласында цифрландыру жағдайындағы тұтынушылардың мінез-құлқын зерттеу: сандық әдіс
DOI:
https://doi.org/10.26577/be202515335Аннотация
Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде, кең ауқымды цифрландыру мен тұтынушылардың мінез-құлқының үздіксіз өзгеруі жағдайында заманауи цифрлық сатып алу дағдыларын зерттеу қажеттілігі туындап отыр. Зерттеудің өзектілігі әлемде цифрлық технологияларды, соның ішінде мобильді байланыс пен Интернетті пайдаланушылар санының тұрақты өсуімен түсіндіріледі. Соның нәтижесінде онлайн-сатып алуды жөн көретін тұтынушылардың саны да артып келеді. Осыған байланысты бұл зерттеудің мақсаты – әртүрлі елдерде экономиканың цифрландыру үдерісінің ықпалымен бөлшек сауда саласындағы тұтынушылардың мінез-құлқындағы өзгерістерді зерттеу. Осы мақсатқа жету үшін тұтынушылық мінез-құлықтың ерекшеліктерін талдау барысында сандық әдіс қолданылды. Зерттеудің негізгі әдістері ретінде: жинақтау және салыстыру әдістері, деректерді теплограммалар арқылы визуализациялау, сондай-ақ сауалнама әдісі пайдаланылды.
Зерттеу міндеттерін шешу нәтижесінде елдерге байланысты тұтынушылық мінез-құлық ерекшеліктері анықталды; әртүрлі елдер тұтынушыларының Интернетті пайдалану себептерінің негізгі факторларын және онлайн-сатып алу үлесінің өзгерісін көрсету үшін теплограммалар жасалды; бірқатар цифрландыру аспектілері мен онлайн-сатып алу динамикасындағы жалпы үрдістердің дамуына байланысты елдер топтастырылды. Бірқатар елдерде әлеуметтік желілерді пайдалану ерекшеліктері зерттелді, ал Қазақстан тұтынушыларының мінез-құлқын зерттеу сауалнама нәтижелері негізінде де жүргізілді.
Мақаланың теориялық маңыздылығы – отандық және шетелдік авторлардың экономикалық әдебиеттерінде цифрландырудың экономикадағы рөлі мен маңызы және оның тұтынушылардың мінез-құлқына әсері туралы көзқарастарды жинақтап, жүйелеуде.
Практикалық маңыздылығы – бұл зерттеудің нәтижелері компанияларға белгілі бір уақыт кезеңдерінде елдерге байланысты тұтынушылық мінез-құлық туралы түсінік алуға және клиенттердің адалдығын арттыру үшін контент пен маркетингтік жоспар құруда қолдануға мүмкіндік береді. Тұтынушылармен ұзақ мерзімді қарым-қатынасқа бағытталған компаниялар алынған нәтижелерді аудиторияның әртүрлі сегменттерінің психоэмоционалдық қабылдау ерекшеліктеріне бейімдеп, маркетингтік компанияларды жетілдіруге және олардың қатысу деңгейін арттыруға пайдалана алады.
Түйін сөздер: цифрландыру, тұтынушылардың мінез-құлығы, маркетинг, әлеуметтік желілер, онлайн-сатып алулар.
