Бухгалтерия мамандығы студенттерінің құзыреттерін қалыптастырудың экономикалық аспектілері: эмпирикалық зерттеу
DOI:
https://doi.org/10.26577/be202515226Аннотация
Бұл мақалада бухгалтерия мамандығы бойынша білім алатын студенттердің кәсіби құзыреттерін қалыптастыру үдерісіндегі теориялық және практикалық даярлықтың өзара байланысы және оның еңбек нарығындағы нәтижелерге тигізетін экономикалық әсері эмпирикалық түрде зерттелді. Зерттеу мақсаты – оқу процесінің теориялық және практикалық компоненттерінің студенттердің бастапқы жалақы деңгейіне, еңбек нарығына бейімделу жылдамдығына және кәсіби өсу траекториясына ықпалын бағалау.
Эмпирикалық база ретінде Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің «Есеп және аудит» мамандығында оқитын 55 студенттен 5 балдық Лайкерт шкаласы бойынша алынған сауалнама нәтижелері пайдаланылды. Алынған деректер SMART PLS құрылымдық моделдеу әдісімен өңделіп, жүргізілген корреляциялық және регрессиялық талдаулар студенттердің теориялық және практикалық даярлығы мен олардың еңбек нарығындағы табыстылығы арасында статистикалық тұрғыдан маңызды байланыстар бар екенін көрсетті (мысалы, практикалық дағдылар мен бастапқы жалақы арасындағы β = 0.51, p < 0.01; оқу мазмұны мен кәсіби бейімделу арасындағы r = 0.47).
Зерттеу нәтижелері білім беру бағдарламалары мен бизнес секторы арасындағы тығыз ынтымақтастықтың студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытудағы шешуші рөлін айғақтайды. Сонымен қатар, бұл жұмыс дуальды білім беру жүйесін жетілдіру, оқу мазмұнына бизнес-кейстер мен кәсіби стандарттарды енгізу, адами капиталға салынған инвестициялардың экономикалық қайтарымын арттыру бойынша нақты ұсыныстарды қамтиды.
Түйін сөздер: бухгалтерлік білім, кәсіби құзырет, экономикалық тиімділік, теориялық дайындық, практикалық дағдылар, SMART PLS, Лайкерт шкаласы, корреляция, регрессия, еңбек нарығы, адами капитал, дуальды білім.