Аймақтағы халықтың өмір сүру сапасының көрсеткіштеріне талдау
DOI:
https://doi.org/10.26577/be.2022.v141.i3.05Аннотация
Әлемнің кез келген елінің экономикасының жағдайы, ең алдымен, азаматтардың өмір сүру
деңгейі мен сапасымен сипатталады. Халықтың өмір сүру сапасының көрсеткіштері жүргізіліп
жатқан қайта құрулардың нақты әлеуметтік-экономикалық салдарын және қоғамдағы әлеуметтік
шиеленіс дәрежесін бағалаудың маңызды индикаторлары болып табылады. Халықтың өмір сүру
сапасын жақсарту қазіргі кезеңдегі қоғам дамуының маңызды стратегиялық міндеті болып
табылады.
Президент Қ.К. Тоқаев «Әр қазақстандықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында өмір
сүру сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық сипаттағы мәселелер басты назарда
болады. Бұл – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы, яғни жылумен және сумен
қамтамасыз ету, кәріз жүйесі, сондай-ақ жолдар, газдандыру мәселелері, экология және
қауіпсіздік түйткілдері» – деп атап айтқан болатын. Сондықтан мемлекет басшылығы назарында
халықтың өмір сапасы өзекті болып отыр.
Мақалада халықтың өмір сапасын анықтау әдістемелері қарастырылды, өмір сапасын
анықтау бойынша жүргізілген зерттеулерге шолу жасалынды. Сонымен қатар, мақалада
Қазақстан Республикасы аймақтарының өмір сапасын бағалау көрсеткіштеріне БҰҰ ұсынған
әдістеме бойынша талдау, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне бағалау
жасалынды және оны жетілдіру бойынша ұсыныстар келтірілді. Мақаланың ғылыми жаңалығы
Қазақстанның әр аймағына бағаланған АӘД индексі Джини коэффицентімен салыстырылды,
аймақтардағы халықтық өмір сүру сапасының деңгейі анықталып, әдістемелердің кемшіліктері
анықталды. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша
ұсыныстар келтірілді.
Зерттеу нәтижелері өмір сүру сапасын бағалау орталықтарына практикалық құрал ретінде
және ЖОО әдістемелік оқыту құралы ретінде қолдануға болады.
Түйін сөздер: өмір сапасы, экономика, бағалау, жетілдіру.