Қазақстан банктеріндегі ішкі аудит және проблемалық кредиттер: 2015–2024 жылдардағы панельдік зерттеу нәтижелері
DOI:
https://doi.org/10.26577/be201108426Аңдатпа
Зерттеудің мақсаты – Қазақстанның коммерциялық банктеріндегі ішкі аудит сипаттамалары мен кредиттік тәуекел арасындағы байланысты зерттеу. Негізгі көрсеткіш – проблемалық кредиттердің үлесі (NPL); активтер рентабельділігінің (ROA) моделі кеңейтілу ретінде, ал капитал жеткіліктілігі (CAR) сипаттамалық талдауда қарастырылады.
Әдіснама. Панель Қазақстанның 13 коммерциялық банкінің 2015-2024 жылдардағы деректерін қамтиды (130 «банк-жыл» бақылауы). Ішкі аудит ұйымдық тәуелсіздік (IA_IND), тексерулер жүйелілігінің (IA_FREQ) және функцияның ауқымы, ресурстары мен өкілеттіктерінің (IA_SIZE) құрама көрсеткіштері арқылы өлшенді; бақылау айнымалысы – банк активтерінің жалпы көлемі (Assets, млн теңге). Біріктірілген регрессия (POLS), тұрақты (FE) және кездейсоқ (RE) әсерлер модельдері салыстырылды; модельді таңдау және қателерді диагностикалау үшін Хаусман, модификацияланған Вальд және Вулдридж тесттері қолданылды, қорытынды RE моделі үшін орнықты стандарттық қателер есептелді.
Зерттеудің бірегейлігі мен құндылығы. Жария есептілік негізінде ішкі аудит сипаттамаларының прокси-көрсеткіштері қалыптастырылды; олар бұл сипаттамаларды банктер мен жылдар бойынша салыстырмалы түрде сипаттауға және банктердің қаржылық көрсеткіштерімен байланыстыра талдауға мүмкіндік береді. Ішкі аудитті бағалау үшін жария ақпараттың шектеулері айқындалды; көрсеткіштердің дәлдігі банктер есептілігінің толықтығына байланысты.
Зерттеу нәтижелері. Орнықты стандарттық қателер қолданылған қорытынды RE моделінде банк активтерінің көлемі (Assets) NPL-мен теріс және статистикалық мәнді байланыс көрсетті: активтердің 1 трлн теңгеге айырмашылығы NPL-дің шамамен -0,51 пайыздық тармаққа айырмашылығына сәйкес келеді. IA_IND және IA_FREQ коэффициенттері теріс, бірақ статистикалық мәнді емес, бұл байланыстың жоқ екенін білдірмейді. Жалпы алғанда, ішкі аудит сипаттамаларының NPL-мен байланысы шектеулі статистикалық растау алды; бағалар себеп-салдарлық әсерді емес, статистикалық байланысты сипаттайды.
Түйін сөздер: ішкі аудит; кредиттік тәуекел; проблемалық кредиттер; коммерциялық банктер; Қазақстан; панельдік деректер.









