Түркиядағы технологиялық сауда және тікелей шетелдік инвестициялар: экономикалық өсуге динамикалық әсер
DOI:
https://doi.org/10.26577/be155120263Аннотация
Бұл зерттеу 1992–2022 жылдар аралығында Түркиядағы жоғары технологиялық тауарлар саудасы мен тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) экономикалық өсуге әсерін динамикалық эконометрикалық модельдер негізінде талдайды. Қолданыстағы әдебиеттерде технологияға негізделген көрсеткіштер көбінесе статикалық модельдер шеңберінде қарастырылса, бұл жұмыста шоктарға сезімталдық пен параметрлердің уақыт бойынша өзгеруі ескеріледі.
Уақыттық қатарлардың стационарлығы кеңейтілген Дики–Фуллер (ADF) тесті және құрылымдық үзілістерді ескеретін Зивот–Эндрюс тесті арқылы тексерілді. Ұзақ мерзімді өзара байланыстар Йохансеннің коинтеграция әдісімен бағаланды. Себеп-салдарлық байланыстар Тода–Ямамото тесті, Хатеми–J асимметриялық себептілік тесті және уақыт бойынша өзгеретін параметрлері бар себептілік тесті негізінде талданды.
Эмпирикалық нәтижелер 5% маңыздылық деңгейінде екі коинтеграциялық вектордың бар екенін көрсетті, бұл айнымалылар арасында тұрақты ұзақ мерзімді тепе-теңдік қатынастың қалыптасқанын дәлелдейді. Тода–Ямамото тесті ТШИ мен экономикалық өсу арасында екіжақты себеп-салдарлық байланысты анықтады (χ² = 7,63, p < 0,05; χ² = 18,34, p < 0,01). Уақыт бойынша өзгеретін себептілік талдауы ТШИ-дің өсуге әсері ең жоғары деңгейге 2007–2009 жылдары жеткенін, ал жоғары технологиялық сауданың анағұрлым айқын ықпалы 2011–2017 жылдары байқалғанын көрсетті. Сонымен қатар, Хатеми–J тесті оң және теріс шоктарға жауап ретінде статистикалық тұрғыдан мәнді асимметриялық себептілік құрылымдарының бар екенін растады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы «технология – экономикалық өсу» арасындағы байланысты тек деңгейлік тәуелділіктер тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге асимметрия мен уақыт бойынша өзгеретін себептілік динамикасы негізінде кешенді талдауында көрініс табады. Алынған нәтижелер Түркиядағы тұрақты экономикалық өсуді жоғары технологиялық сауданы ынталандыру және тиімділікке бағдарланған ТШИ саясатын жүзеге асыру арқылы күшейтуге болатынын көрсетеді.
Түйін сөздер: экономикалық өсу, тікелей шетелдік инвестициялар, жоғары технологиялық өнімдермен сауда жасау, асимметриялық себептілік, уақытша-вариативтік талдаулар.









