Бухгалтерлік есептегі жасанды интеллектті зерттеулердің библиометрлік талдауы
DOI:
https://doi.org/10.26577/be202515229%20Аннотация
Бұл мақалада бухгалтерлік есепте жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдануға арналған библиометриялық талдау әдістемесі ұсынылады. Зерттеу Scopus, Web of Science және Google Scholar халықаралық ғылыми дерекқорларының негізінде және VOSviewer аналитикалық құралы арқылы жүргізілді. Зерттеудің бірегейлігі – есептік процестерді автоматтандыруда, қаржылық бақылау дәлдігін арттыруда және басқарушылық шешім қабылдау тиімділігін жақсартуда ЖИ-ді қолдану тәсілдерін жүйелеуде болып табылады.
Барлығы 603 ғылыми жарияланым қарастырылып, олардың ішінен Scopus дерекқорындағы дәйексөзі жоғары 269 мақала іріктеліп алынды. Зерттеу нәтижелері бухгалтерлік есеп саласында цифрлық технологияларға деген қызығушылықтың тұрақты түрде артып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе, күнделікті операцияларды автоматтандыру, есептілікті цифрландыру, ішкі аудит, салық есебі және қаржылық тәуекелдерді болжау салалары ерекше назарда.
Соңғы жылдардағы үрдістерге, яғни ЖИ-дің есеп және бақылау жүйелеріндегі қолдану аясының кеңеюіне ерекше көңіл бөлінеді. Қорытынды бөлімде ЖИ-дің бухгалтерлік есептің әртүрлі сегменттеріндегі қолданылуын, оның ішінде шағын және ірі бизнеске әсерін салыстырмалы талдау, сондай-ақ қаржылық жүйелерге енгізуден туындайтын тәуекелдерді бағалау бойынша болашақ зерттеулердің өзектілігі атап өтіледі. Қазақстанда бухгалтерлік есепті цифрландыру деңгейінің жеткіліксіз зерттелуін ескере отырып, бұл бағыт келешегі зор ғылыми бағыт ретінде ұсынылады.
Түйін сөздер: жасанды интеллект, бухгалтерлік есеп, бухгалтерлік есепті автоматтандыру, библиометриялық талдау.