Кәсіпкерлік пен кедейлікті азайту арасындағы байланыс: себеп-салдарлық регрессиялық талдауы
DOI:
https://doi.org/10.26577/be202515112Аннотация
Кедейлікті азайту – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясатының басым бағыты. Кәсіпкерлік экономикалық өсудің маңызды факторы ретінде мойындалғанымен, оның кедейлікті төмендетуге ықпалы әлі де жеткілікті зерттелмеген. Бұл байланысты кешенді талдау мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл зерттеу кәсіпкерлік белсенділік, бизнеске ынталандыру шаралары мен кедейлікті төмендету арасындағы өзара байланысты талдайды. Тәуелді айнымалы ретінде Адам дамуы индексі (HDI) алынған, ол табыстан бөлек, білім мен денсаулық сақтауға қолжетімділікті де қамтиды.
Зерттеуде линейлік, логарифмдік және жартылай логарифмдік регрессиялық модельдер қолданылып, мультиколлинеарлық пен автокорреляция мәселелері ескерілді. Тәуелсіз айнымалылар ретінде кәсіпкерлік белсенділік, бизнеске ынталандыру, сауданың ашықтығы, урбанизация деңгейі және сыбайлас жемқорлықты бақылау қарастырылды.
Зерттеу нәтижелері кәсіпкерлік пен бизнеске ынталандыру шараларының кедейлікті төмендетуде маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Кәсіпкерліктің дамуы жұмыс орындарының көбеюіне, халық табысының артуына және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті кеңейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар, әкімшілік кедергілерді азайту және жемқорлықпен күресті күшейту бизнес ортасының дамуына оң әсер етеді. Сондай-ақ, урбанизация мен сауданың ашықтығы экономикалық өсімнің маңызды факторлары болып табылады.
Дәстүрлі зерттеулер табыс көрсеткіштеріне ғана сүйенсе, бұл жұмыс Адам дамуы индексін (HDI) қолданып, кәсіпкерліктің әлеуметтік әсерін кешенді түрде бағалайды. Алынған нәтижелер кәсіпкерлікті дамыту стратегияларын жетілдіру, құқықтық реттеуді оңтайландыру және мемлекеттік басқару сапасын арттыру арқылы Қазақстандағы тұрақты экономикалық өсім мен кедейлікті төмендетуге бағытталған ұсыныстар жасауға негіз болады.
Түйін сөздер: кедейлік, кәсіпкерлік, Адам даму индексі, урбанизация, сауда.