Келешекке бағдарлану: мемлекеттік басқару дамуының орнықты сценарийлері
DOI:
https://doi.org/10.26577/be.2024-148-b2-014Аннотация
Бізді қоршаған әлем күннен-күнге өзгеруде, ол өзгерістер мемлекеттік басқару саласын да айналып өткен жоқ. Көптеген дамыған елдердің мемлекеттік секторы статикалық және машиналық бюрократиялық парадигмадан шығу қажеттілігін сезінуде, сонымен қатар үшінші әлем елдері мен дамушы елдердегі мемлекеттік сектор да қоғам мен экономикада және технологиялық дамуда орын алып жатқан көпқырлы дағдарыс пен кең ауқымды өзгерістерге бейімделуде қиындықтарды бастан кешіруде.
Бұл мақаланы жазудағы мақсат – Қазақстан Республикасындағы және әлемдегі мемлекеттік басқару дамуының аралық нәтижелерін қорытындылау.
Жұмыстың ғылыми және тәжірибелік маңыздылығы аясында авторлар мемлекеттік басқаруда қандай өзгерістер орын алып жатқандығын және бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру үшін түрлі даму сценарийлерін, қажетті түрлендірулер мен өзгерістерді қолдану мүмкіндігін ашып көрсетеді. Мақала авторлары мемлекеттік басқару саласындағы жоғары дамыған заманауи үрдістерді талдап, әлемдік тәжірибе мен Қазақстандағы жағдайдың ара қатынасын пайымдайды. Сонымен қатар мақалада мемлекеттік сектордың бизнес қоғамдастығы және азаматтық институттармен өзара әрекеттестік үлгілері ұсынылып, олардың көлемі мен ауқымынан туындайтын терең проблемалары атап көрсетіліп, мемлекеттік саясаттың және әрбір сектордың өкілеттіктері мен міндеттерін теңгерімге келтіру арқылы мемлекетті тиімді басқаруға, түрлі үдерістерге ықпал етуге, өмір сүру сапасын жақсартуға болатыны аталып өткен.
Бұл зерттеудің құндылығы авторлардың Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқаруды дамытудағы жүйелік және құрылымдық проблемаларды анықтап, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқаруды одан әрі дамытудың амал-тәсілдерін өзгерту бойынша нақты ұсыныстар беруінде.
Түйін сөздер: мемлекеттік басқару, тиімділік, қоғам секторларының үлгілері, мемлекеттік басқаруды дамыту сценарийі, цифрландыру.