Халық табысын мемлекеттік реттеудің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлі
DOI:
https://doi.org/10.26577/jerba202414717Аннотация
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы жаһандық пандемияға, геосаяси ахуалға байланысты іскерлік белсенділіктің төмендеуіне және ұлттық қауіпсіздікке төнген сын-қатерлерге байланысты күрделі кезеңді бастан өткеріп отырғандықтан халықтың әл-ауқатын арттыру, халық табысындағы алшақтықты азайту және табыспен қамтамасыз ету мақсатында еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу мемлекеттің алдындағы маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі халық табысын мемлекеттік реттеу саясатының тиімділігін күшейту қажеттілігімен байланысты, оның мақсаты жұмыспен қамту, экономикалық жағдайдың ауытқуынан қорғау және халықтың әлеуметтік осал топтарына көмектесу негізінде халықтың табысын арттыру болып табылады. Мемлекеттің қазіргі даму жағдайында халықтың табысын қалыптастыру және бөлу саласындағы өзгерістер, бюджетаралық қатынастар жүйесінің үнемі өзгеруі халықтың табысын мемлекеттік реттеу мәселесін зерттеудің өзектілігін анықтайды.
Мақаланың мақсаты – Қазақстан Республикасында халық табысын мемлекеттік реттеудің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін анықтау.
Мақалада Қазақстан Республикасындағы халық табысын мемлекеттік реттеу жүйесі мен оның негізгі әдістеріне шолу жүзеге асырылып, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне бағалау жасалынды және Қазақстан Республикасында халық табысын мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар келтірілді.
Тұтастай алғанда, халық табысының тұрақты өсуін қамтамасыз ете алмау, еңбек табысының салыстырмалы түрде төмен болуы, өзін-өзі жұмыспен қамтудың жоғары болуы, болашақта нақты табыстың өсуі бойынша мақсаттарға қол жеткізбеу мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі әсері бар тәуекелдер болып табылады. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде авторлар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін халық табысын мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру қажет деген қорытындыға келеді.
Зерттеу жүргізу барысында жүйелік, аналитикалық, экономикалық және статистикалық талдау әдістері қолданылды. Ғылыми зерттеу материалдары ретінде Дүниежүзілік банктің, Қазақстан Республикасы стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің ұлттық статистика бюросының статистикалық деректері қолданылды.
Жүргізілген зерттеудің құндылығы зерттеудің нәтижелерін мемлекеттік реттеу органдары Қазақстан Республикасындағы халық табысын мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу кезінде қолдану мүмкіндігімен сипатталады.
Түйін сөздер: халық табысы, мемлекеттік реттеу, кедейлік, әлеуметтік теңсіздік, күнкөріс деңгейі.