Инвестицияларды тартудағы арнайы экономикалық аймақтардың рөлі: «Қорғас-Шығыс Қақпасы» арнайы экономикалық аймағының тәжірибесі
DOI:
https://doi.org/10.26577/be157320267Аңдатпа
Жаһандану және капитал қозғалысының күшеюі жағдайында инвестиция тарту елдердің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың біріне айналуда. Осы тұрғыда арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) инвестициялық белсенділікті ынталандырудың тиімді құралы ретінде кеңінен қолданылуда. Қазақстанда АЭА-ларды дамыту индустриялық-инновациялық саясаттың маңызды бағыты болып табылады. Алайда, АЭА-лардың нақты инвестициялық тиімділігі, әсіресе шекаралық және логистикалық әлеуеті жоғары аймақтарда, жан-жақты ғылыми талдауды қажет етеді. Осыған байланысты «Қорғас–Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының инвестиция тартудағы рөлін зерттеу өзекті болып табылады, себебі ол Еуразиялық транзиттік дәліздердің тоғысында орналасқан және халықаралық экономикалық ынтымақтастықтың маңызды элементі саналады. Зерттеудің негізгі мақсаты – инвестицияларды тартудағы арнайы экономикалық аймақтардың рөлін айқындау және «Қорғас–Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының даму ерекшеліктерін айқындау.
Зерттеу нәтижесінде АЭА-ның инвестициялық тартымдылығы салықтық және кедендік преференцияларды берумен ғана емес, сонымен қатар инфрақұрылымның, институционалдық ортаның сапасымен, географиялық орналасуымен және халықаралық көлік-логистикалық маршруттарға қолжетімділікпен айқындалатыны анықталды. Талдау «Қорғас–Шығыс қақпасы» АЭА-ның өңірдің көліктік-логистикалық және өндірістік қызметіне инвестициялар тартудағы маңызды рөлін көрсетті. Сонымен қатар, инфрақұрылымды одан әрі дамыту, басқару тиімділігін арттыру және аймақтың инвестициялық әлеуетін кеңейту қажеттілігіне байланысты шектеулер анықталды. Осы негізде инфрақұрылымды дамытуға, инвесторларды тарту тетіктерін жетілдіруге және оның трансшекаралық логистикалық функциясын күшейтуге бағытталған «Қорғас–Шығыс қақпасы» АЭА инвестициялық тартымдылығын арттыру бағыттары ұсынылды.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Институционалдық және инфрақұрылымдық факторлардың өзара байланысы тұрғысынан арнайы экономикалық аймақтардың инвестицияларын тарту тетіктерін нақтылаумен анықталады. Зерттеудің ғылыми үлесі «Қорғас–Шығыс қақпасы» АЭА мысалында көрсетілген факторлардың әсерін жүйелеу және Қазақстанның трансшекаралық АЭА жағдайларына теориялық тәсілдерді бейімдеу. Бұл нәтижелер АЭА инвестициялық тиімділігін бағалау кезінде ресми инфрақұрылымдық қамтамасыз ету көрсеткіштерін саралаудың және оны нақты пайдаланудың маңыздылығын көрсетеді.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы. Зерттеу барысында алынған нәтижелер мен ұсыныстар Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтарды дамыту саясатын жетілдіруде, инвестициялық бағдарламаларды әзірлеуде, сондай-ақ өңірлік даму стратегияларын қалыптастыруда қолданылуы мүмкін.
Түйін сөздер: арнайы экономикалық аймақ, инвестиция, аймақтық даму, Қорғас–Шығыс қақпасы, инвестициялық тартымдылық.









