Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы үшін климаттық құбылыстар ауытқуының макроэкономикалық салдары
DOI:
10.26577/be156220263Аңдатпа
Соңғы онжылдықтарда температураның өсуі, жауын-шашын режимінің өзгеруі және экстремалды климаттық құбылыстардың жиілеуі ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығына елеулі қатер төндіріп отыр. Бұл жағдайда климаттың өзгеруінің өнімділікке, өндіріс шығындарына және ауылшаруашылық нарықтарының жұмыс істеу механизмдеріне әсерін ғылыми бағалау өзекті мәселе болып табылады. Бұл зерттеу климаттың өзгеруінің аграрлық секторға макроэкономикалық әсерін жүйелі түрде талдауға бағытталған.
Зерттеудің негізгі мақсаты – климаттық өзгерістердің ауыл шаруашылығының макроэкономикалық көрсеткіштеріне әсер ету арналары мен ауқымын анықтау, сондай-ақ олардың өзара байланысын кешенді түрде талдау. Зерттеудің басты идеясы климаттық факторларды ауыл шаруашылығы дамуының сыртқы экзогенді шоктары ретінде қарастырып, олардың ұзақ мерзімді экономикалық салдарын бағалауға негізделеді. Зерттеу әдістемесі жүйелік, статистикалық, эмпирикалық, салыстырмалы және аналитикалық талдау әдістерін қамтиды. 2001-2024 жж. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымына климаттық және экологиялық факторлардың әсерін бағалау мақсатында корреляция және көптік сызықтық регрессия моделі құрылды. Талдауда ұлттық және халықаралық статистикалық дерекқорлардың мәліметтері пайдаланылды. Зерттеу нәтижелері климаттық өзгерістер мен экологиялық факторлардың Қазақстанның аграрлық секторына айтарлықтай әсер ететінін дәлелдейді. Әсіресе температуралық өзгерістер ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығына қауіп төндіретін негізгі факторлардың бірі болып табылады. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы саласында климаттық тәуекелдерді төмендетуге бағытталған бейімделу стратегияларын әзірлеу, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану, сондай-ақ экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты жетілдіру маңызды болып табылады.
Түйін сөздер: климаттың өзгеруі, ауыл шаруашылығы, макроэкономикалық әсер, өнімділік, нарық динамикасы.









